Қазақстандық хоккейшілер Универсиаданың жартылай финалына жолдама алды
Испанияның Гранада қаласында өтіп жатқан XXVII қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы жартылай финалға жолдама алды. Өз тобында жапондарды ұтып АҚШ құрамасына есе жіберген Сергей Старыгин шәкірттері ширек финалда қайтадан Жапония құрамасымен айдынға шыққан.
Ойынның 8 минутында Нұрсұлтан Белгібаев пен Дәулет Кенбаев ұйымдастырған шабуылды голға айналдырған Юляан Попович есеп ашты. Араға екі минут салып, Михайл Кащулин нәтижені еселеді. Екінші 20-минуттық басталғанда жапондар бір шайба соғып айрымашылықты қысқартты. Жалпы жеңіске деген құштарлығы басым болған біздің жігіттерді бұл күні тоқтау мүмкін емес еді. Шешуші кезеңде Владислав Ялаков есепті 3-1-ге жеткізді. Матч аяқталарға екі минут қалғанда жапондар қақпашыны ойыншыға алмастырды. Бірақ бұл жоспарлары жүзеге аспады. Керісінше бос қалған қақпаға Владимир Гребенчиков шайба салды. Есеп 4-1. Енді Қазақстан құрамасы жартылай финалда Чехия хоккейшілерімен кездеседі.
Ойынды 13 ақпан күні (13 ақпаннан 14 ақпанға қараған түн) Астана уақытымен сағат 01:25-те «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.