Бенди. Қазақстан мен Беларусь құрамалары бірінші таймда соғылған голдардың рекордын орнатты
Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден Әлем чемпионаты жалғасуда. Алғашқы ширек финалдық ойында Қазақстан Ұлттық құрамасы Беларусь елінің спортшыларын 26:8 есебімен ұтты.
Бірінші тайм қазақстандық хоккейшілердің толық басымдығымен өтіп, Александр Баранов қақпасына допты бірінен кейін бірін соға берді. Беларусь құрамасы бес голмен жауап қайтарды: Андрей Кабанов хет-трик жасаса, Сергей Юсупов пен Александр Козлов бір доптан соқты. Осылайша алғашқы тайм 17:5 есебімен аяқталды. Бұл – допты хоккейден Әлем чемпионатының рекорды.
Екінші таймда қазақстандық хоккейшілер басымдықты нығайтып, тағы 9 гол соқты. Ал, бұған Беларусь құрамасы тек 3 доппен жауап қайтарды. Осылайша алғашқы ширек финалдық ойында 26:8 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты.
Фото: bandyvm2015.ru