Владимир Смирнов: «Барыс» клубы қаржылық қиындықтарға қарамастан ҚХЛ-да қалады
Құрамына «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының (ПКСК) басшысы Владимир Смирнов қаржылық жағдай өте ауыр екенін айтты.
«Астаналық «Барыс» шынымен қаржылық қиындықтарға тап болды. Алайда оның бәрі уақытша және клуб Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) қалады», - деп мәлімдеген Владимир Смирнов Ресей ақпарат агенттігіне.
Осыған дейін ресейлік БАҚ «Барыс» хоккейшілері төрт ай бойы жалақы алмаған деген ақпарат таратқан еді. Бұл жағдайға Владимир Смирнов: «Мәселе қаржыландырудың әлі бекітілмеуінде. Ол бекітілгеннен кейін барлығы өзіне тиісін алады. Ал, спортшылар мен әкімшілік құрам бұл туралы хабардар. Бұл жағдайды «Самұрық-Қазына» қоры да бақылауда.
Ал, «Барыстың» ҚХЛ-ға қатысты мүлдем ешқандай мәселе жоқ. Бұл уақытша қиындық. Көптеген спорт клубтарының бюджеті әлі бекітілмеген. Қазір мәселені Үкімет қарастыруда. Сондықтан барлығы бір-екі аптаның ішінде шешілуі тиіс», - деді «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының (ПКСК) басшысы Владимир Смирнов.