Астанада ҚХЛ жұлдыздарының матчы өтеді
Әлемдік хоккей жұлдыздары Кен Драйден, Игорь Ларионов пен Брайан Пропп мереке қонақтары болады, деп хабарлайды Elorda.info.
21 мамырда сағат 10:30-дан 19:00-ге дейін «Барыс арена» мұз айдынында канадалық хоккей Күні өтеді.
«Іс-шара Канаданың 150 жылдық мерейтойын, Канада-Қазақстан дипломатиялық қатынасының 25 жылдығын, сондай-ақ Қазақстандағы хоккейдің 60 жылдығын ресми атап өту мерекесінің бір бөлшегі болып табылады», — делінген Канаданың Қазақстандағы елшілігі таратқан хабарламада.
Мерекелік бағдарламада Торонтодан тұңғыш рет жеткізіліп отырған хоккейдің бірегей экспонаттары бар «Хоккей даңқы залының» эксклюзивті көрмесі, аты аңызға айналған хоккейшілер — Кен Драйден, Игорь Ларионов, Брайан Пропп, Сэмми Джо Смол, Билли Бриджес, Сергей Немчинов және басқа да ойыншылармен фото- және автограф-сессия бар.
Сонымен бірге, шара аясында үйеңкі шәрбәты қосылған дәстүрлі канадалық құймақтардың дәмін татып, көрнекі хоккей матчтарын көріп, бағалы жүлделер мен естелік кәдесыйлар ұтысының лотореясына қатысып, канадалық танымал The Sheepdogs рок-группасының өнерін тамашалуға болады.
Мереке қонақтары Канада және Қазақстан командаларының арасындағы естен кетпес еліктірер матчтың куәгері болады. Оған Канаданың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шонн Перри Стайл, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин қатысады.