Елордалық «Барыс» сырт алаңда жеңіске жетті
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры ясында астаналық «Барыс» Екатеринбургте «Автомобилист» командасын 4:2 есебімен сан соқтырды. «Уралец-Аренада» өткен тартысқа толы матчта есепті бірінші кезеңде астаналықтар сапынан Ярослав Евдокимов ашса, ойынның екінші бөлігінде Никита Михайлис 2:0-ге жеткізді. Айдын иелерінен Алексей Василевский есепті қысқартқанымен, Роман Старченко тағы да мергендігімен көзге түсті. Үшінші кезеңде Р.Старченко тағы бір голдың авторы атанса, матч соңында «Автомобилист» командасынан Александр Торченюк сан басымдылығын пайдалана алды. Осылайша, елордалықтар 4:2 есебімен көптен күткен жеңісіне қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, «Автомобилист» командасы ҚХЛ Шығыс конференциясында 90 ұпаймен үшінші орында келеді, яғни, Владимир Крикунов шәкірттерінің плей-офф бәсекелеріне жолдама алатыны анық. Соған қарамастан, бұл матч «Барыстың» әлі де плей-офф кезеңдерінен үмітті екенін көрсетті. Айта кетейік, Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері 21 қаңтар күні өз айдынында Тольяттидің «Лада» командасын қабылдайды. Ол матчты «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.