Хоккейден Қазақстан құрамасы Ұлыбританияны тас талқан етті
Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан бірінші дивизиондағы әлем чемпионатында Ұлыбритания құрамасын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Ойынның бірінші кезеңінде қос команда бір-бірінің ойынын аңдып, 1:1 есебімен үзіліске шықты. Бірінші болып 3 минутта Люк Феррар ұлыбританиялықтарды алға шығарған. 15 минутта Дмитрий Гренц таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер басымдық танытты. 33 минутта төрешілер видеоқайталауды қарап, Антон Сагадеевтің соққан шайбасын есепке алды. Араға екі минут салып Роман Старченко есепті 3:1-ге жеткізді.
Қазақстан құрамасы үшінші кезеңде үш шайба соқты. 42 минутта Роман Старченко дубль жасаса, 46 минутта Никита Михайлис бір шайбаны еншісіне жазды. Алтыншы шайбаны Алихан Асетов соқты.
Қазақстандық хоккейшілердің келесі қарсыласы Италия құрамасы. Бірінші ойында отандастарымыз Венгрия құрамасын 3:0 есебімен ұтқан болатын.
Айта кетейік, бірінші дивизионда бірінші және екінші орын алған құрамалар элиталық дивизионға өтеді.