Алмас Өтешов пен Жасұлан Молдақараевқа пәтер кілті табысталды
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев спортшыларыға пәтер кілтін табыс етті.
Қызылордалық ауыр атлет Алмас Өтешов және «Қайсар» футбол клубының ойыншысы Жасұлан Молдақараев үшін биылғы жыл табысты болды.
Дүбірлі додаларда үздік өнер көрсетіп, аймақ абыройын асқақтатқан спортшыларды облыс әкімі құттықтап, жаңа пәтер кілттерін табыстады.
Алмас Өтешов қазан айында Польшаның Вроцлаве қаласында ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Ал, Жасұлан Молдақараев қарсыластар қақпасына 28 гол салып, «Қайсар» команданың премьер-лигаға өтуіне өзіндік үлесін қосты.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр спортының дамуына атсалысып жүрген саңлақтарды жеңістерімен құттықтап, бағындырар белес көп болсын деп тіледі. Екі спортшыға да жаңа пәтер кілттерін табыстады. Алмас Өтешовтың бапкері, екі дүркін Олимпиада, үш дүркін Әлем чемпионы атанған Илья Ильин алғыс хатпен марапатталды.