Қысқы спорт. «Алау» мұз айдыны - Әлем Кубогын қабылдайды
29-қарашада «Алау» мұз сарайында конькимен сырғанаудан Әлем Кубогы өтеді. Әлемнің 30 мемлекетінің 200 үздік спортшысы, әлемдік жұлдыздар, Олимпиада жүлдегерлері мен Әлем чемпиондары Астанада Сочи-2014 Олимпиадасының лицензияларын сарапқа салады.
Қазақстан құрамасынан еліміздің үздік стайері Дмитрий Бабенко бағын сынайды. Ол Әлем кубогы кезеңдерінің сериясы басталмас бұрын Канадада 3 000 метр қашықтықта ұлттық рекорд орнатқан болатын. Айдын иесі ретінде Қазақстан құрамасы әр қашықтықта бес спортшыдан қатыстыра алады.
Еске сала кетейік, ел құрамасының бас бапкері Вадим Саютин ойындарда 5-6 лицензия мен бір медальға қол жеткізетіндерін айтқан болатын. Құрама сапында қазіргі Әлем чемпионы Денис Кузин, еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары мен рекордшылары Екатерина Айдова, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцев ел намысын қорғайды.