Стендтік ату. Алматыда Азия чемпионаты басталды
Алматыда стендтік атудан Азия чемпионаты жалауын көтерді. Әйгілі сұрмерген Александр Асанов атындағы атқыштар клубында өтетін Азия чемпионатына «Сары құрлықтың» 25 мемлекетінен 200-ден астам мергендер келді. Қатысушылар арасында құралайды көзге атқан мергендер, яғни Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Спортшылар дөңгелек стенд, дубль-трап және ордағы стенд жаттығулары бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Жарыс барысында Азия чемпионатымен қатар, кеңес елдерінің спортшылары ТМД-ның Ашық Гран-при сайысында бақ сынайды. Қазақстан құрамасының барлық үздіктері осында. Өйткені осы сында көзге түскендер Әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады. Еліміздің стендтік ату федерациясы осыған дейін әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстарды сәтті өткізді. Сол себепті де Стендтік атудан Азия Федерациясының Атқарушы кеңесі биылғы біріншілікті Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ, келер жылы дәл осы Асанов атындағы атқыштар клубында әлемдік Гран-придің бәсекелері өтетін болады. Азия чемпионатының алғашқы күні мергендердің қарулары мен керек-жарақтары тексеріліп, спортшылар жарыс алдындағы жаттығуларын өткізді. Ал ертең дөңгелек стенд бойынша алғашқы медальдер сарапқа салынатын болады.