Ескек есу. Азия чемпионаты мәреге жетті
Азия құрлығының мықты ескек есу шеберлері Өзбекстанның Самарқанд қаласында жиналды. Бұл басқосудың басты мақсаты - Азия чемпионатының жеңімпаздарын анықтау. 21 қатысушы елдің қатарында Қазақстан құрамасы да бар. 4 қашықтықта жасөспірімдер мен ересектер арасында еліміздің атынан 60-қа жуық спортшы сынға түсті. Алғашқы күндері секундына 4,6 метр жылдамдығымен соққан жел спортшыларға еш кедергі келтірмеді. Бабы мен бағы келіскендер мықтылығын байқатып өздеріне тиесілі жүлделерді алып жатты. Олардың қатарында жастар арасындағы әлем чемпионы Сергей Емельянов та бар. Азия чемпионаты - шымкенттік ескек есу шеберінің жасөспірімдер арасындағы соңғы жарысы. Бұл жолы да Сергей Азия құрлығында өзіне тең келер спортшы жоқ екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Дәулет Сұлтанбеков алғаш рет ұзақ қашықтықта бағын сынап көрді. Жарыс жолына шыққан 15 спортшының арасынан жерлесіміз 4-ші болып мәре сызығын кесті. Қыздар командасы үшін 15-ші Азия чемпионаты сәтті болды. Наталья Сергеева бастаған аруларымыз 500 метр қашықтықта соңғы сәтте Қытай құрамасының алдын орап жеңісті жұлып әкетті. Бұл бұрын - соңды болмаған жетістік. Бір мақсатқа ұмтылып, көздегендеріне жеткен бұрымдыларымыздың қуанышында шек жоқ. Қыздар командасының жеңісті жолын жасөспірімдер тобы жалғастырды. Сергей Емельянов, Антон Альшанский, Геннадий Гончаренко және Асхат Бекбосын 1000 метр қашықтықта алдарына жан салмай, мәре сызығын бірінші болып кесті. Азия чемпионатынан құр алақан қайтпаған қыз жігіттеріміз кішкене демалыстан кейін жаңа маусымға дайындықты бастайды. Келер жылдың басты жарысы Азия ойындары болмақ.