Дзюдо. Қазақстан 2015 жылы Әлем чемпионатын қабылдайды
Дзюдодан 2015 жылғы Әлем чемпионаты Астанада өтеді. Халықаралық дзюдо федерациясының Будапешттегі штаб-пәтерінде өткен басқосуда осындай шешім қабылданған-ды. Ал, өткен демалыс күндері Алматыдағы әлемдік Гран-приге арнайы келген Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариос Визер пен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев 2015 жылғы Әлем чемпионатын Астанада өткізу туралы ресми келісімге қолдарын қойды. Сондай-ақ басқосуға Азия дзюдо одағының президенті Обаид әл –Анзи де қатысты. 2015-ші жылғы әлемдік доданы өткізуге Моңғолия, Венгрия және БАӘ - үміткер болған. Алайда солардың арасынан біздің елорда таңдалыпты. Басқосуда Мариос Визер бұл чемпионаттың маңыздылығына тоқталды. Өйткені дәл сол біріншілікте 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама таратылады. Мариос Визер осы сапары барысында Алматыда еліміздегі алғаш бой көтергелі отырған Дзюдо академиясының іргетасын қалау рәсіміне де қатысты. Заманауи спорт кешенінің құрылысы - ұлттық дзюдо құрамасының жаттығу жасауы үшін және жастар арасынан болашақ дзюдо шеберлерін дайындау мақсатында қолға алынып отыр. Академия Байзақов және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың аумағында тұрғызылады. Жобаны таныстыру шарасына сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те қатысты. Спорт кешенінде дзюдошылар дайындалатын төрт бірдей татами төселген зал, асхана және 100 адамға арналған жатақхана құрылысы да бірге бой көтереді.