Дзюдо. Қазақстан құрамасы бірінші орында
Алматыда екі күнге созылған дзюдодан әлемдік Гран-при бәсекелері аяқталды. Аталмыш додада Қазақстандықтар табысты өнер көрсетті. Ерлерден 6 бірдей спортшымыз финалға шығып, оның 4 -уі алтын медаль иеленді. Ал әйелдер арасындағы сында 3 қызымыз ақтық сында бақ сынап, біреуі ғана чемпиондық тұғырға көтерілді. Әлемдік «Гран-При» додасына 13 мемлекеттен 152 спортшы келіп, 14 салмақта жеңімпаздарды анықтады. Жарыстың алғашқы күні Қазақстан әнұраны екі рет шырқалды. 60 келіде мүмкін болған жүлденің бәрін Қазақстандықтар еншіледі. Финалда Елдос Сметов маңғыстаулық Айбек Имашевті «иппон» әдісімен жеңіп, осы салмақтың мықтысы екенін дәлелдеді. Сондай-ақ қос бірдей жерлесіміз Асхат Тельманов пен Рүстем Ыбыраев үшінші сатыға табан тіреді. 66 келі салмақта әскерилер арасында әлем чемпионы Елдос Жұмаханов тұғырдың биігіне көтерілді. Біздің балуанға финалда беларусь спортшысы қарсылас атанды. Белдесу басында бір ұпай иеленіп алған белорус балуаны, уақыт оздыру үшін күреспей жүріп алды. Нәтижесіне төрт бірдей ескерту алып, жеңіс біздің дзюдошының еншісіне жазылды. Бұл салмақта шымкенттік палуан Бақдәулет Сәбитов қола жүлдеге қол жеткізді. 73 келіде Бразилия дзюдошысы топ жарды. Финалда оған Ертуған Төренов қарсылас атанған. Алайда жерлесіміз Бразилиялық спортшысынан айласын асыра алмай тек күміс жүлдегер атанды. Қыздар арасында Александра Подрядова да финалда жеңіліп, күмісті қанағат етсе, Севара Нишамбаева мен Мариан Ордабаевалар да қола жүлдегер атанды. Екінші жарыс күні 5 бірдей спортшылымыз финалға шықты. 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев жүлдені шаппай алды. Өйткені оның Өзбекстандық қарсыласы жарақатына байланысты белдесуден бас тартты. Ислам Бозбаев, Дзюдодан әлемдік «Гран-При» жеңімпазы: «Алғашқы екі белдесудің бірінде 14секундта жеңсем, одан кейін де қарсыласымды бір минутқа жетпей жықтым. Финалда тіпті қарсыласым шықпады. Осылайша оңай олжалы болдым». 78 келі салмақтың финалында Ресейлік Дмитриевамен татамиге шыққан Албина Амангелдиева қарсыласына иппон әдісімен ұтылып, күміс жүлдені кеудесіне ілді. 100 келіге дейінгі салмақтың үздігі Максим Раков та спорттық бабында екендігін байқатты. Финалға дейін екі рет татамиге шығып, қарсыластарынан бір бас биік екендігін көрсетті. Финалда Бразилия Рафаэль Бузакариниге айла жасай алмады. Дегенмен бес минут бойы белсенділік танытқан жерлесімізді төрешілер жеңімпаз деп таныды. Аса ауыр салмақта Ержан Шынкеев шыққан. Алайда Ержан Белорусь балуаны Александр Вахавяктың мықтылығын мойындады. Гран-Придің соңғы алтынын Қазақстан қоржынына Гүлжан Исанова салды. Белорусь қызы Марина Слутскаямен болған белдесуде базари әдісімен 10 ұпай еншілген біздің спортшы, сол басымдығын кездесу соңына дейін сақтай білді. Азия мықтылары Жапон, Корей және Қытай дзюдошылары бұл додаға қатыспады. Дегенмен Ресей, Моңғолия, Белорусь, Бразилия сынды мемлекеттерді артқа тастап, жалпыкомандалық бірінші орынды иелену Қазақстан дзюдошылары үшін үлкен табыс.