Қазақстандықтар Универсиада ашылуы салтанатына қатысты
11-ші желтоқсанда Италияның Трентино қаласында XXVI Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) президенті Клауде Луи Гальен, Трентино автономиялық провинциясының Уго Росси, ұйымдастыру комитетінің президенті Серхио Анеси қатысты. Қазақстан атынан Алматы қаласының әкімі А. С. Есімов, 2017 жылы Алматыда өтетін XXVII-шы Қысқы Универсиаданың ұйымдыстыру комитетінің өкілдері, Қазақстан Республикасының студенттік спорт федерациясының президенті Қ.Х. Зәкәриянов қатысты.
Жарыстың бірінші күні ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарлама бойынша өткен сынға қазақстандық Денис Тен алған жарақатына байланысты қатыса алмады.
Екінші спортшымыз, Абзал Рақымғалиев қысқа бағдарлама жарысы бойынша әзірге 11-ші орынға тұрақтады. Бүгін Абзал еркін сырғанау бағдарламасы бойынша Трентино айдынына шығады.
Бүгін, Универсиаданың екінші күні шаңғышыларымыз 7,5 шақырым қашықтықта жарыс жолына шығады. Ал, хоккейшілеріміз Украина құрамасымен іріктеу кезеңінде бірінші ойынын өткізеді.
фотосурет fisu.net сайтынан