Алматыда аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді
19 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ұлы майдан» деп аталатын аса ірі халықаралық жарыс өтеді, деп хабарлайды «Айқын». Басты жекпе-жекте атышулы Ресей спортшысы Расул Мирзаев пен қандасымыз Ержан Естанов айқасады. Бұған дейін өткізген жекпе-жекте Қап тауы қыраны ұпай санымен жеңіске жеткен еді. Енді Ержан Естанов есе қайтаруға тырысады.
«Ұлы майдан» жарысы барысында қазақтың қос мақтанышы – Қайрат Ахметов пен Аслан Тоқтарбаев чемпиондық тәж үшін айқасады. Жеңіл салмақтылар арасында бақ сынап жүрген қос қандасымыздың есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс.
Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» билейтін Қайрат айқас алаңында бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Ол қарсы келгендердің барлығын алып та, шалып та жығып жүр. Ахметовтің бүркеншік есімі – «Қазақ». Бұл кеште Ахметов Күншығыс елінен келген Татсуей Ватанабемен айқасады. Ол ережесіз жекпе-жектен Жапонияның бірнеше дүркін чемпионы.
Ал Аслан бауырымыз «Арыстан» деген лақап атпен танылды. Оның да жүріп өткен жолы ірі жеңістерге толы. Алайда Алатау баурайында өтетін жарыс барысында қандастарымызға жеңіс оңайлықпен келеді деген ой туындамауы керек. Тоқтарбаев америкалық Кевин Круммен күш сынасады.