«Alash Pride» жігіттері жеңіске жетті
Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Ұлы Майдан ІІ» турниріндегі «Alash Pride» пен әлем құрамасы арасындағы қарымта жекпе-жектер аяқталды.
Алғашқы жекпе-жекте «Alash Pride» өкілі Игорь Свирид дағыстандық Рашид Алиевті бірінші раундта нокаутқа жіберді. Ал қазақстандық команданың тағы бір өкілі Христас Муратиди тәжікстандық Лоик Раджабовтан жеңіліп қалды.
Үшінші жекпе-жекте Сиррожиддин Эшанбаев Сайд-Хамзат Авхадовқа есе жіберді. Таразы басын Әділ Боранбаев теңестірді. Ол үш раундқа созылған жекпе-жекте Данияр Бабақұловтан басым түсті.
Чемпиондық атаққа таласқан Асулан Тоқтарбаев АҚШ өкілі Кевин Крумнан ұтылды. Жекпе-жек кешінде Ақтілек Жұмабекұлы де жеңіске жете алмады. Ал «Alash Pride» намысын қорғаған қырғыз спортшысы Кылычбек Саркабев командаға жеңіс алып келді.
Аралас жекпе-жектен еліміздегі танымал файтер Ержан Естанов Аслан Шаовпен төбелесті. Төрешілердің шешімімен жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.
Келесі жекпе-жекте Арман Оспанов ресейлік Евгений Леничевті нокаутқа жіберсе, Азамат Баходурзода Лом Али Медиевтің тұншықтыру әдісіне түсіп қалды.
Соңғы жекпе-жекте «Қазақ» деген лақап аты бар Қайрат Ахметов Жапония өкілі Ватанабе Татсуяны ұтып, Азия чемпионы атағына ие болды.
Бұл кездесуде «Alash Pride» 7:5 есебімен жеңіске жетті.