Көш басында – Головкин, Дычко, Әлімханұлы және Елеусінов
2013 жылы KAZsporttv.kz жариялаған бейнематериалдардың көш басында боксшылар жекпе-жегі тұр.
2013 жылы Қазақстан спорты үшін табысты жыл болды. Оның ішінде боксшыларымыз Алматыда өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, Қазақ бокс мектебінің әлемдегі ең мықтылардың бірі екенін дәлелдеді.
«KAZsport» телеарнасы осы дүбірлі жарысты көрермендерге тікелей эфирде ұсынды. Казан айының 14-26 аралығында өткен жарыстың ең жарқын, тартысты өткен жекпе-жектердің видеосы интернет қолданушылар тарапынан да зор сұранысқа ие болды.
Атап айтқанда, ақтық сында әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовпен болған жекпе-жекте екі раунд бойы басымдық танытып, алтынға қол созым жер қалғанда, күтпеген жерден жойқын соққы өткізіп алып, нокаутпен жеңіліс тапқан ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычконың жекпе-жегі туралы видео 32 096 рет қаралған.
Одан кейінгі орында, 75 келіде бокссүйер қауымның көңілінен шыққан, Жәнібек Әлімханұлының Ирландия боксшысы Джейсон Куиглиге қарсы өткізген жекпе-жегі. Видео 10 460 рет қаралған.
Бокстан ұлттық құрамамыздың капитаны Данияр Елеусіновтің кубалық Ариснойдис Деспайнды ұтып, алтын жүлдені жеңіп алған финалдық жекпе-жегіне көрермендер 8 327 рет назар салған.
Ең үздік видео ретінде, Геннадий Головкиннің америкалық Стивенспен өткізген жекпе-жегі танылды. Мұхиттың ар жағында Қазақстан туын жоғары көтеріп, рингке шығарда иығына үнемі қазақы шапан жамылып шығатын Гена кәсіпқой бокста толағай табыстарға жетіп жүр. Кертиспен кездескенде WBA тұжырымы бойынша 9-шы рет, IBO тұжырымы бойынша 7-ші рет атағын қорғап қалған жерлесіміздің сол жекпе-жегінің видеосы ең көп қаралғандардың көшін бастап тұр. Бұл жекпе-жекті көрермендер 87 881 рет қараған.