Жыл спортшылары марапатталды
Бүгін Астанадағы «Rixos» қонақүйінде «Жыл спортшысы-2013» марапаттау кеші өтті. Шара барысында «Жыл спортшысы» аталымы бойынша бокстан Әлем чемпиондары – Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, қазақ күресінен Әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» - Айбек Нұғымаров, сондай-ақ, конькимен жүгіру спортынан Әлем чемпионы – Денис Кузин марапатталды.
«Жылдың үздік жаттықтырушысы» деген атаққа Айбек Нұғымаровтың жаттықтырушысы – Серік Қоржыкенов, Данияр Елеусіновтің жаттықтырушысы – Марат Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлының жаттықтырушысы – Мұрат Сиқымбаев, Мерей Ақшаловтың жаттықтырушысы – Жанат Манашев, Біржан Жақыповтың жаттықтырушысы – Мырзағали Айтжанов, Денис Кузиннің жаттықтырушысы – Петр Пастушенко лайық деп танылды.
Сондай-ақ, Алмас Өтешов, Азамат Мұқанов, Әділбек Ниязымбетов, Денис Тен, Зульфия Габидулина, Иван Дычко жеңіске деген ұмтылысы үшін сыйлыққа ие болды.
Бір ғана спортшыға берілетін «Кәсіби шебер» атағы Геннадий Головкинге бұйырды.
Ал «Жылдың үздік командасы» деп «Шахтер» футбол клубы, «Қайрат» мини-футбол клубы, «Astana Arlans» және Көкпардан ұлттық құрама танылды.
Әуесқой бокс, қазақ күресі, шаңғы спорты және конькимен жүгіру федерацияларының өткен жылғы еңбектері жемісті болды.
Спорт журналистері де марапатсыз қалмады. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық Дүрәлі Дүйсебайға («Халық сөзі» газеті), Күнсұлтан Отарбайға («Спорт» газеті), Екатерина Литвяковаға («Уральская неделя» газеті) табыс етілді.
Сонымен қатар, «Үздік авторлық жұмыс» аталымы бойынша Индира Бектенова («KAZsport» телеарнасы) және «Үздік комментатор» аталымында Ермек Төрениязов («KAZsport» телеарнасы) марапатталды.
Шара соңында спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастамбек Есентаев арнайы сыйлық табыстады.