Михаэль Шумахер комадан шығарыла бастады
Францияның дәрігерлері «Формула 1» жарысының жеті дүркін чемпионы Михаэль Шумахерді жасанды комадан шығара бастады, деп хабарлайды ВВС.
Бұл туралы спортшының менеджері Сабина Кем хабарлаған. Оның айтуынша, Шумахерді комадан шығару үшін дәрі-дәрмектің үлесін азайтуда. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.
45 жастағы Михаэль Шумахер тауда шаңғы теуіп жүргенде ауыр жарақат алды. Спортшы ең қиын жолдардың бірінде жоғары жылдамдықпен еңіске түсіп келе жатқанда құлап, басы тасқа соғылған.
Қазір Шумахер Гренобль қаласындағы емханада жатыр. Дәрігерлер ісікті азайту үшін автошабандозды жасанды комаға енгізді. Қазір оның жағдайы тұрақты.