Денис Тен: Әлемнің атақты 19 мәнерлеп сырғанаушысы Қазақстанға келеді
Денис Теннің «Олимпиада энергиясы» мұз айдыны шоуына биыл мәнерлеп сырғанаудың 19 әлемдік жұлдызы келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясы барысында Олимпиада жүлдегері мәлімдеді.
«Биыл Астана мен Алматыда өтетін «Олимпиада энергиясы» атты мұзайдыны шоуына Жапония, Ресей, АҚШ, Канада елдерінен 19 атақты спортшы, оның ішінде 9 Олимпиада чемпионы келеді. Қазірдің өзінде Мао Асада, Каролина Коснер, Эван Лайсаджек, Маским Маринин, Владимир Беседин, Алексей Полищук өздерінің келетінін айтты. Сонымен қатар, әлемге белгілі шоумен жүргізушілер, бишілер келеді», - деді Денис Тен.
Олимпиада жүлдегерінің ойынша, мұндай мәдени шаралар қазақстандықтардың күнделікті күйбеңді бір сәт ұмытып, көңілді уақыт өткізуге мүмкіндік туғызады. Биылғы шоудың ерекшелігінің бірі - концерттік бағдарлама симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Әлемдік деңгейдегі шоу Алматыда 28-29 мамырда өтеді. Әлемдік жұлдыздардың мұз айдынындағы өнерін астаналықтар 30 мамырда тамашалай алады. Билеттер мамырдың басынан сатыла бастайды.