Салауатты өмір - ұлт саулығының кепілі
Еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен бірнеше министрлік қызметкерлері Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда президенттік сынақтар тапсырды.
Спорттық шарада барлығы 9 мемлекеттік мекеме, 465 қызметкер бақ сынады. Олардың ішінде ең белсендісі ҚР Ішкі істер министрілігі болды. Бұл министрліктен президенттік сынақты тапсыру үшін 60-қа жуық қызметкер келді. Сондай-ақ, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі де үздік нәтижеге ие болды.
Бұл бәсеке - Астанадағы шараның бірінші кезеңі. Онда қызметкерлер ұзындыққа секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру (60 және 100 метр) және ұзақ қашықтыққа жүгіруден (500, 1000, 2000, 3000 метр) сынақ тапсырды.
Ал, екінші кезең осы аптаның соңында өтеді. Ол кезде қызметкерлер пневматикалық винтовкамен ату, кермеге тартылу және жүзуден сынға түседі.
Президенттік сынақтар 25 сәуір мен 25 мамыр аралығына жоспарланған. Бұл шара бүгінде еліміздің барлық өңірінде өтуде. Басты мақсат - салауатты өмір салтын насихаттап, халықтың денсаулығы, дене шынықтыруға дайындығы қай деңгейде екені анықтау.
Айта кетейік, Астанадағы шараның ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасарлары Елсияр Қанағатов пен Сәрсен Құранбек және спорт қайраткерлері қатысты.