Елімізде конькимен жүгіру спортынан кәсіби команда құрылады
Қазақстанда тұңғыш рет конькимен жүгіру спортынан кәсіби команда құрылмақ. Астанада Қазақстан мен Нидерланд өкілдері меморандумға қол қойды.
«Астана» велокомандасының үлгісі бойынша жүзеге асырылатын жобаны екі тарап тең дәрежеде қаржыландырмақ. Қаржылық инвестициядан бөлек, голландиялықтар жобаға спорттық медицина, жаттықтырушылар мен менеджмент мамандарын даярлау саласындағы білімдерін енгізбек.
Сонымен қатар, меморандум бойынша тараптар алдағы уақытта еліміздегі конькимен жүгіру спортын дамыту бағдарламасында бірлесе жұмыс істейді. Оның ішінде, спорттық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы да жоспарланады.
Жаңа команданың негізгі мақсаты - қазақстандық спортшыларды 2018 және 2022 жылдары өтетін Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионатына дайындау. Бірінші кезекте 2015 жылы «Алау» мұзайдынында өтетін спринттік жарыстан Әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсету.
Жоба ресми түрде 2014 жылдың 26 мамырында басталады. Әріптестік 2022 жылға дейін созылады. Қазақстандық тараптан Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясы, ал Нидерланд тарапынан 4SKATING командасы қатысады. Бұл командаға 1988 жылғы үш дүркін Олимпиада чемпионы Ивонн ван Геннип пен 1992 жылғы Олимпиада чемпионы Барт Велдкамп жетекшілік етеді.
Жаңа команданың атауы мен құрамы кейін хабарланады.