Шахматшы Динара Сәдуақасова халықаралық турнирде топ жарды
Тунистің Монастир қаласында «Рида Белькади мемориалы» турнирі аяқталды. Халықаралық дәрежедегі қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова бұл турнирде жеңімпаз атанды.
Әйелдер категориясында 22 шахматшы сынға түсті. Динара Сәдуақасова 9 турда 8,5 ұпай жинап, айқын жеңіске жетті.
Екінші орын Моңғолия спортшысы Энкхтуул Алтанулзииға (7,5 ұпай) бұйырды. Алжирлік Амина Мезиуд (6 ұпай) үшінші орынға орналасты.
Ерлер бәсекесінде ресейлік Станислав Новиков үздік шықты. Турнирдің ашылу салтанатына ФИДЕ президенті Кирсан Илюимжинов пен Тунис президенті Монсеф Марзуки қатысты. Мемориалға әлемнің 15 елінен 85 шахматшы қатысты.
Айта кетейік, Рида Белькади Африкадан шыққан алғашқы халықаралық гроссмейстер және Тунис шахмат федерациясының негізін қалаған.
Естеріңізге сала кетейік, Динара Сәдуақасова 2012 жылы халықаралық гроссмейстер атағын алды. Жасөспірімдер арасында әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, шахматтан үш Олимпиадаға қатысқан.