1 кезең. Росарио - Сан-Луис
Жүк көлігі мен жол талғамайтын үш көліктен тұратын «Astana Motorsport» командасы атақты «Дакар» раллиінің алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Екі бөлімнен тұратын кезеңнің жалпы ұзындығы – 809 шақырым.
Жарысқа қатысушылар таңсәріде тұрып, Кордобаға бет алды. Бірінші кезеңде нәтиже туралы айту қиын. Дегенмен жүк көлігін тізгіндеген Артур Ардавичус экипажы кезеңді сәтті аяқтады. Жарыс жолына 42-ші болып шыққан экипаж мәреге 16-шы орында жетті. «Astana Motorsport» командасының жеңіл көлік мінген экипажы да жарысты сәтті бастады. 342-ші экипаж мәре сызығын 19-шы болып кесті.
Екінші жеңіл көлік - Бауыржан Исабаев пен Ғабдолла Әшімов экипажы 31 орыннан көрінді. Ал «Nissan» көлігін мінген Денис Березовский мен Игнат Фальков бірінші кезеңнен кейін турнир кестесінде 71-ші орынға жайғасты.