Қызылордалық дзюдошылар Қазақстан чемпионатында бірінші орынды иеленді
Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде дзюдодан 23 жасқа дейін ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.
Бәсекеге Астана, Алматы қалалары мен республикамыздың барлық облыстарынан 300-ге жуық татами шеберлері қатысты.
Кездесулер ерлер және әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесінде өтті. Тартысты жарыс нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 5 алтын, 2 күміс, 6 қола жүлде иеленген қызылордалық спортшыларға бірінші орын бұйырса, екінші орында 2 алтын, 1 күміспен Алматы облысының командасы. Шығысқазақстандықтар 1 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдемен үшінші орынды иеленді.
Жекелей сын бойынша ерлер арасында 60 келіде Қылыш Еренқайыпов (Қарағанды обл.), 66 келіде Азамат Шайкөзов (Қызылорда обл.), 73 келіде Әлімұхан Орынбаев (Жамбыл обл.), 81 келіде Ерназар Хамзин (БҚО), 90 келіде Мақсат Исақабылов, 100 келіде Нұрым Сәлімгереев, +100 келіде Еламан Ерғалиев (үшеуі де Қызылорда обл.) алтын медаль иеленді.
Ал әйелдер арасында 48 келіде Кәмшат Қарасайқызы (Маңғыстау обл.), 52 келіде Айкүнім Түйтекова (Алматы обл.), 57 келіде Анна Казюлина (ШҚО), 63 келіде Файза Әділбаева (Атырау обл.), 70 келіде Жанар Қашқын (Алматы обл.), 78 келіде Мархабат Ақылбаева (Қызылорда обл.), +78 келіде Нұрғайша Нұртаева (ОҚО) жарыс жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ, аталмыш жарыста 1, 2 орындарды иеленген спортшылар Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.