Алматының Олимпиада-2022 өткізуге үміткер болуы Лозаннада шешіледі
Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитеті атқару комитетінің отырысы басталады. Атқару комитеті күн тәртібінің басты тармағы - 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін үміткер қалаларды жариялау болмақ, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Бұл рәсім ХОК штаб-пәтерінде отырыстың алғашқы күні, дүйсенбіде телеконференция режимінде өтеді. Комитет мүшелері үш күн бойы жұмыс істейді, оның соңында ХОК-тің коммуникациялар жөніндегі директоры Марк Адамстың қатысуымен баспасөз брифингі болады.
Сондай-ақ, күн тәртібінде 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы Олимпиадалық ойындарға және 2018 жылы кореялық Пхенчханда өтпекші Қысқы Олимпиадалық ойындарға, сондай-ақ әлемдік спорттағы таяудағы ірі оқиға 16 тамызда басталатын қытайлық Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдер Олимпиадалық ойындарына әзірлік барысы талқыланады.
2022 жылғы Олимпиадалық ойындарға өтінім беру мерзімі өткен жылғы қарашада аяқталды. Онда алты қала ресми үміткер атанған болатын. Алайда әртүрлі себептермен бұл додаға қатысудан үш еуропалық қала - Краков (Польша), Швеция астанасы - Стокгольм және Украинаның Львов қаласы бас тартты. Сөйтіп, енді үш үміткер - қытайлық Бейжің, норвегиялық Осло және Қазақстанның оңтүстік астанасы - Алматы ғана қалды.
2022 жылғы Ойындар өткізуге үміткер қалалар бойынша инспекциялық сапарлар келесі жылдың басында басталады. Келесі жылғы жаздың басына қарай бағалау комиссиясы әрбір үміткер бойынша баяндама әзірлеуі тиіс.
Олимпиада астанасы 2015 жылғы 31 шілдеде Куала-Лумпурде (Малайзия) өтетін ХОК-тың кезекті сессиясында жарияланады.