«KAZsport» телеарнасы тамыз айында бірнеше халықаралық жарысты тікелей эфирде көрсетеді
«KAZsport» телеарнасы тамыздың ортасында бірнеше спорт жарысын тікелей эфирде көрсетеді.
Футбол жанкүйерлері 2014 жылғы 16 тамыз және 2015 жылғы 14 мамыр аралығында ағылшын премьер-лигасының тікелей көрсетілімін тамашалай алады.
Сондай-ақ, Қытайдың Нанкин қаласында спорттың 33 түрі бойынша өтетін 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің ІІ Жазғы Олимпиада ойындары тікелей эфирде ұсынылады.
Қазақстанның атынан спорттың 20-дан астам түрінен 51 спортшы бақ сынайды.
«KAZsport» телеарнасы сонымен қатар, Алматы қаласында «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында ерлер арасында өтетін волейбол жарысы бойынша IV Азия чемпионатының трансляциясын бастайды.
Аталған турнирге Қазақстан, Жапония, Корея, Үндістан, Қытай, Иран, Австралия, Тайланд қатысып, жарыс қорытындысы бойынша 2015 жылғы Әлем лигасына үздік командалар іріктелетін болады.
25-31 тамыз аралығында Ресейдің Челябі қаласында өтетін дзюдодан Әлем чемпионатын «KAZsport» телеарнасы трансляциялайды.
Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасында 14 салмақ дәрежесі бойынша Әлем чемпионы анықталады, сондай-ақ екі топтық біріншілік өтеді. Жарысқа әлемнің 140 мемлекетінің өкілдері қатысады.
29-31 тамыз аралығында Астанада таэквондоның «Әлемдік Гран-при сериясы» (WTF) олимпиадалық түрі бойынша халықаралық турнир өтеді. Астана қаласы турнирді әлемнің даңқты спортшылары бас қосатын таэквондоның дүниежүзілік орталығына айналады.
«Әлемдік Гран-при сериясы» - ең көп ұпай жинап, әлемдік рейтингке енген спортшылар қатысатын беделді дода.
Жарысқа әлемнің 30 мемлекетінен 288 спортшы қатысады. «KAZsport» телеарнасы аталған турнирдің трансляциясын жүргізетін болады.
«KAZsport» телеарнасы 8-14 қыркүйек аралығында Ташкентте грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Әлем чемпионатын да назарынан тыс қалдырмайды.
Оған 100-ден астам мемлекеттің спортшылары қатысады, деп болжануда.