Қамбаш көлінде желкенді қайық сайсы өтті
Арал ауданының Қамбаш көлінде желкен спортынан «Аралдың қайта жандануы» атты II республикалық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлады облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Арал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додада Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан 4 команда, 40 спортшы өзара сынға түсті. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаевтың айтуынша, алдағы уақытта Сыр өңірінде желкен спортынан бөлімше ашу жоспарланып отыр.
5 күнге созылған желкенді қайық сайысының қорытындысында 3 бағдарлама бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
«Луч» бағдарламасы бойынша Алматы облысы спортшыларының мерейі үстем болды. Ересектер арасында тартысты өткен бұл бәсекеде Владимир Щанкин қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ал, Руслан Жанғазов күміс жүлде иеленсе, Александр Воронин үштікті қорытындылады.
«Шағын-Луч» бағдарламасында Алматы облысының жігіттері барлық жүлдені өз қанжығаларына байлады. Нәтижесінде Александр Комардин жеңімпаз атанса, Иван Цуриков екінші, Евгений Югай үшінші орынды еншіледі.
Әйелдер арасында сынға түскен Карина Жанғазова осы турнирде осымен екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс Тамара Шмелеваға бұйырса, Яна Белазерова қола жүлдеге қол жеткізді.
«Оптимист» бәсекесінде кіші топтағы ұлдар мен қыздар қатысты. Ұлдар арасында Александр Вакуленко (Алматы облысы) бірінші орынды жеңіп алса, оңтүстікқазақстандық Арон Барков тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Жүлделі үшінші орынды Андрей Рау (Алматы облысы) иеленді.
Қыздар арасында Мария Морозованың (ОҚО) мерейі үстем болса, Карина Дужосарова мен Снежана Рау (екеуі де Алматы облысынан) екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубок, дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Айта кетейік, I орынға 100 мың теңге, II орынға 80 мың теңге, III орынға 60 мың теңгеден берді.