Бүгін Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Жиында тамыздың 16-28 аралығында Нанкинде өткен II Жазғы Жасөспiрiмдер ойындары мен Инчхонда аяқталған XVII Жазғы Азия ойындары қорытындыланды.
2014 жылдың 9 айында олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 408 оқу-жаттығу жиыны өткен. Ұлттық құрама әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жалпы саны 612 медаль жеңіп алған.
Қазақстан жасөспiрiмдер құрамасы Нанкин ойындарында 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпы есепте 21-шi орынға тұрақтады. Ал, Инчхондағы Азия ойындарында Ұлттық құрама межеленген төртінші орынды иеленді. Ел қоржынына 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль түсті.
Сонымен қатар, алқа мәжілісінде 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасы мен 2017 жылғы Алматыдағы Қысқы Универсиадаға спортшыларды даярлау, дайындық бағдарламаларын қайта қарау талқыланды.
Кеңейтілген алқа отырысына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темірхан Досмұхамбетов қатысты.