Конфедерация басшылығы спортшыларды марапаттады
Кеше Астанада Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясына қарайтын спорт түрлерінен XVII Жазғы Азия ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларды марапттау рәсімі өтті.
Спортшыларға Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев, күрес түрлері федерациясының президенті Сауат Мыңбаев, таэквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким және ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбековтер сертификат табыстады.
Сонымен қатар, салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Конфедерация мен федерация басшылары, спортшылар мен бапкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Еске сала кетейік, Инчхондағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль иеленіп, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Ал, Конфедерация спортшылары 9 алтын, 12 күміс және 11 қола медальға иелік етті.
Алтын жүлденің жартысынан көбін боксшылар жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Ілияс Сүлейменов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Низымбетов, Антон Пинчук, Иван Дычко (алтын), Біржан Жақыпов, Жайна Шекербекова (күміс), Қайрат Ерәлиев, Марина Вольнова (қола) жеңіс тұғырынан көрінген еді.
ҚБФ президенті Тимур Құлыбаев боксшылар мен олардың бапкерлеріне, ғылыми топтың қызметкерлеріне ақшалай сыйлық табыстады.
Шараға қатысушылар спортта жетістікке жетуде Конфедерацияның үлкен көмек көрсеткенін де жасырған жоқ.
- Конфедерация мен федерациялардың бірлесе жүйелі жұмыс істегінін атап өткім келеді. Инфрақұрылым мен материалды-техникалық базаның дамығаны да байқалады. Сіздер болмасаңыздар, мемлекеттік органдар спортымызды мұндай биікке жеткізе алмас еді. Инчхондағы Қазақстан спортшыларының табысты нәтижесі арқылы біз жалпы есептегі төртінші орынды сақтап қалдық. Енді үшінші орынға таласатын боламыз, - деді Елсияр Қанағатов.
Спортшылардың атынан бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов Тимур Құлыбаевқа алғысын білдіріп, отандық спортшылардың Олимпиадада жеңіске жетуіне бар күшін салатынын жеткізді.
confederation.kz