Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева Германияда кезекті жеңісіне жетті
Германияның Дортмунд қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен «NRW Trophy-2014» жарысында қазақстандық Элизавета Тұрсынбаева жасөспірімдер арасындағы жарыста алтын медаль иеленді.
14 жастағы отандасымыз қысқа бағдарламада 58,72 ұпай жинап, жарыстың көшбасына шыққан. Жарыстың осы түрі бойынша одан кейін германиялық Йостина Дастич (49,69 ұпай), Литва елінің өкілі Дейманте Казалайте (45,93 ұпай) және тағы 38 қатысушы тұрған.
Сонымен қатар, отандасымыз 117,4 ұпай жинап, еркін бағдарламада да үздік атанды. Еркін бағдарламада екінші орынды Финляндия спортшысы Анни Йдрвенпд (97,53 ұпай) иеленсе, үшінші орынға франциялық Кассандра Перотин (88,61 ұпай) тұрақтады.
Қоссайыстың нәтижесі бойынша Элизабет Тұрсынбаева 176,12 ұпай жинап, айқын басымдықпен жасөспірімдер арасындағы «NRW Trophy-2014» жарысының алтын жүлдесін иеленді. Күміс медальді финляндиялық Анни Йдрвенпд (141,21 ұпай) алса, қола жүлдені жарыс қожайыны германиялық Леа Йостина Дастич (133,26) жеңіп алды.
Айта кетейік, Э.Тұрсынбаева бұл жарысқа 2011 жылы қатысып, қола жүлде алған еді. Ал, жуырда ғана ол Италияда өткен «Merano Cup» халықаралық жарысында жеңіске жеткен.
14 жастағы Элизабет Тұрсынбаева биыл қыркүйекте Аичиде (Жапония) өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік Гран-при жарысында қола, қазан айында Дрезденде өткен Гран-приде күміс медаль алды.
Сонымен қатар, спортшы биыл «Summer Skate Canada» (Торонто), Triglaf Trophy (Словения), Gardena Spring Trophy (Италия) және New Years Trophy (Словакия) жарыстарында алтын жүлде алған. Элизабет қазанның 16-сы Ниццада аяқталған International Cup Of Nice жарысында жасөспірімдер арасында бірінші орын алды.
Элизабет Тұрсынбаева 2011 жылы белгілі бапкер Сочи олимпиадасының чемпионы Аделина Сотникованы дайындаған Елена Водорезованың мектебінде, 2012-2013 жылдары тағы бір ресейлік маман Этери Тутберидзенің қол астында жаттыққан. Ал, 2013 жылдың соңынан бері оны Торонтода (Канада) әлемге танымал канадалық бапкер Брайан Орсер жаттықтырады.