Каратэші Темірлан Жәнібеков Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында топ жарды
Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының және «Жігер» спорт клубының шәкірті Темірлан Жәнібеков KWU тұжырымы бойынша киокушинкай кан каратэден 20-21 желтоқсан аралығында Мәскеуде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Чемпионатта әлемнің 30 елінен келген спортшылар 32 категория бойынша сынға түсті. Қазақстандық спортшы төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Темірлан Жәнібеков финалда ресейлік Денис Чесниковты айқын басымдықпен ұтты. Сонымен қатар, ол «Eң үздік техника» аталымы бойынша марапатталды.
Темірлан 2006 жылдан бастап спортпен шұғылданады. Киокушинкай кан каратэден спорт шебері, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі, еліміздің үш дүркін чемпионы, 2014 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы.
Сондай-ақ, киокушинкай кан каратэ бойынша ТМД кубогының иегері. Халықаралық OpenAstana 2014 турнирінің чемпионы. Барлық жекпе-жегінде мерзімінен бұрын (нокаут) жеңіске жеткен.
Қазіргі уақытта Астана қаласының аға жаттықтырушысы Дастан Әбжановтан тәлім алады.