Ақмола облысында 2014 жылдың үздік спортшылары анықталды
Ақмола облысының Спорт және дене шынықтыру басқармасы «Ақмола облысының спорт тарландары» атты байқауының жеңімпаздарын атады, деп хабарлайды «Ақмола Медиа Орталығы».
Көкшетауда жергілікті аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық байқаудың лауреаттары марапатталды.
Салтанатты іс-шараны Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов ашып, жиналғандарды 2014 жылдың табысты аяқталғанымен құттықтады. Осыдан соң үздік спортшылардың есімдері аталды.
«Жылдың үздік спортшысы» номинациясы:
1-орын – Мария Грабовецкая, ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Инчхондағы XVII Азия ойындарының күміс жүлдегері.
2-орын – Николай Чеботько, шаңғы тебуден ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Сочидегі ХХІІ Олимпиада ойындарында 8-орын алды.
3-орын – Дина Жоламан, бокстан спорт шебері, Әлем чемпионатында 5-орыннан көрінген, ҚР жеңімпазы.
«Олимпиада үміті» номинациясы:
Вадим Казаков – бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Нанкиндегі Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
«Алтын резерв» номинациясы:
Татьяна Капустина – ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Нанкиндегі Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері.
Фото: Ақмола Медиа Орталығы