Павлодарда шахматтан халықаралық турнир өтуде
Қазақстандық шахматшы Петр Костенко 2,5 ұпай жинап, көш бастап тұр.
Павлодарда өтіп жатқан халықаралық шахмат турнирінің алғашқы күні қорытындыланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Алғашқы үш ойынның қорытындысы бойынша мысырлық Адли Ахмет пен қазақстандық шахматшы Петр Костенко 2,5 ұпай жинап, көш бастап тұр. Ал, қазақстандық Евгений Владимиров 2 ұпай көрсеткішімен екінші орында келеді. Мысырлыққа есе берген павлодарлық гроссмейстер Павел Коцур 1,5 ұпай жинап, турнир кестесінде Австралия және Беларусь шахматшыларымен қатар келеді.
Естеріңізге сала кетсек, жарысқа халықаралық гроссмейстерлер, классикалық шахматтан Әлем чемпионы, Олимпиаданың үш мәрте жеңімпазы Александр Халифман, Американың төрт мәрте чемпионы Хулио Гранда Зунига, шахматтан Еуропа чемпионы Алексей Александров, Африканың екі мәрте чемпионы, жастар арасындағы Әлем чемпионы Ахмед Адли және өзге танымал спортшылар бар.
Еліміздің намысын халықаралық гроссмейстерлер, Азияның төрт мәрте чемпионы Евгений Владимиров, Азияның төрт мәрте чемпионы Павел Коцур, Азияның үш мәрте чемпионы, жастар арасындағы әлемнің вице-чемпионы Петр Костенко, Азияның үш мәрте чемпионы, жастар арасындағы әлемнің вице-чемпионы Әнуар Ісмағамбетов, Азияның үш мәрте чемпионы Ринат Жұмабаев қорғауда.
Турнир 30-қаңтарға дейін жалғасады. Турнирдің жүлде қоры 3 млн. теңгені құрайды.