Алматыда Жасөспірімдер арасында солтүстік дисциплиналар бойынша Әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті
Алматыда «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде өтіп жатқан Жасөспірімдер арасындағы солтүстік дисциплиналар бойынша Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы әкімі Ахметжан Есімов, Халықаралық шаңғы спорты федерациясының консулы Роман Кампуст, FIS Кеңесі мен шетел делегацияларының мүшелері қатысты.
Қала басшысы жиналған қауымды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Біз үшін мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу зор құрмет. Алматыда жыл сайын әлемдік деңгейдегі біріншіліктер өткізілуде, дегенмен солтүстік дисциплиналар бойынша чемпионат алғаш рет өтуде. Бұл чемпионаттың біз үшін маңызы зор. Себебі біз екі жылдан кейін Қысқы Универсиаданы өткіземіз», - деді Ахметжан Есімов.
Роман Кампуст Алматының біріншілікке дайындығының жоғары деңгейін атап өтіп, спортшыларға сәтті бастама, жоғарғы көрсеткіштер мен жеңістер тіледі.
Жасөспірімдер арасындағы солтүстік дисциплиналар бойынша Әлем чемпионаты 1-8-ақпан аралығында өтеді. Біріншілік 240 миллион көрермен аудиториясы бар «Eurosport» телеарнасы бойынша тікелей эфирде көрсетілмек.
Әлем чемпионатына әлемнің 36 мемлекетінен 576 спортшыны қатысуда. Оларға сапалы қызмет көрсету үшін 560 ерікті тартылған. Сонымен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен 30-дан астам БАҚ өкілдері тіркелген.
Айта кетейік, «KAZsport» телеарнасы Әлем чемпионатының тұғырдан секіру, скиатлон сияқты түрлерін тікелей эфирде көрсетеді.
Фото: almaty2017.com