Таразда болашақ олимпиадашылар үшін спорт кешені ашылды
Тараздағы №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервтер спорт мектебі жаңа заманауи жарақтанған ғимаратқа ие болды.
Спорт кешенінің ашылуына Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.
Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағанындай, жалпы құны 531,6 миллион теңге тұратын спорт кешенін салу 2014 жылғы наурызда басталған болатын. Ғимараттың жалпы ауданы 2,56 мың шаршы метрді құрайды.
«Жамбыл облысында болашақ спортшыларға арналған спорт мектебінің мұндай ғимараты бұрын болған емес. Бұл жан-жақты спорт кешені, онда чемпиондарды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған», - деді облыстық спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков.
Спорт кешенінің бірінші қабатында техникалық бөлмелер, 60 орындық асхана, 14 адамға арналған тир бар. Екінші қабатта спорт залы орналасқан, онда бір сабаққа 30 адам сияды. 180 шаршы метрлік бассейн, массаж кабинеті, шешінетін жер, жуынатын бөлмелер және басқалары көзделген. Үшінші қабатта транежар залы, әдіскердің кабинеті, медициналық кабинет, жаттықтырушылардың кабинеті жасақталған.
«Бұл спорт кешенінде енді жыл бойы оқу-жаттығу сабақтарын, спорт түрлерінен әртүрлі жарыстар өткізуге болады», - деп нақтылады облыстық спорт басқармасында.