Мөлдір Жаңбырбай Тбилисиде өткен каратэ-до шотоканнан Әлем чемпионы атанды
Грузияның Тбилиси қаласында каратэ-до шотоканнан өткен Әлем чемпионатында қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай жеңіс тұғырына көтерілді.
Әлемнің 25 елінен 1260 спортшы келген додада Мөлдір 16-17 жас аралығында 48 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, Әлем чемпионы атанды, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Ол жарыс барысында үш кездесу өткізіп, финалда Грузия елінің спортшысын 7:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ, командалық кумитэде 1-ші орынды иеленді. Команда құрамында Мөлдірден басқа Динара Төрткүлбаева, Рыскүл Жиенбаева және Әйгерім Тұрсынбекова қатысқан.
Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде Рүстем Әбжәмиевтен тәлім алатын М.Жаңбырбай 20-22 мамыр аралығында Қарағанды қаласында болатын ҚР IV Спартакиадасына қатысады.