Қысқы Универсиада-2017. Алматы тарапынан Ойындарға қосымша 4 спорт түрі енгізілмек
2017 жылы өтетін 28-ші Қысқы Дүниежүзілік студенттік Универсиада ойындарына Алматы қаласы тарапынан қосымша 4 спорт түрі енгізілді, деп хабарлайды Алматыда Универсиада нысандарына жасалған пресс-тур барысында «Алматы қаласы халықаралық спорт жобалары дирекциясы» Мемлекеттік қоры директорының орынбасары Нұржан Әбілхайыр.
Оның айтуынша, бұл норма Халықаралық студенттік спорт федерациясының (ФИСУ) ережесінде жазылған.
«Универсиада талаптары бойынша 8 міндетті медальдік спорт түрі бар. Оларға қосымша ретінде Универсиаданы өткізетін қалаға, қалауынша тағы 4 медальдік спорт түрін таңдау құқығы берілген.
Алматы қаласы тарапынан 8 міндетті спорт түріне қоса, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, коньки спорты және фристайл таңдап алынды.
Сонымен қатар, біз медальсіз, яғни жәй көрнекілік түрде бендиді де (допты хоккей) Универсиада бағдарламасына қостық. Осылайша 2017 жылы Алматыда өтетін Қысқы Универсиада аясында жалпы 12 медальдік және бір медальдік емес спорт түрінен жарыс өтеді», - деді Н. Әбілхайыр.
Айта кетейік, 28-ші Қысқы студенттік Универсиада аясында Алматыға 50 астам елден 3 мыңнан аса спортшы келеді деп күтілуде.