Өскеменде «Еркін пирамида» бойынша ерлер арасында ашық Азия чемпионаты өтуде
Сайысқа 9 елден 74 спортшы қатысып отыр, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.
Шараның ашылу салтанатында ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мұндай дүбірлі сайыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жарыстың әділетті, қызықты және табысты болуына тілектеспін. Бильярд көпшілікке танымал және татулыққа шақыратын спорт түрі. Жалпы, спорт - ел жетістігінің белгісі, бейбітшіліктің кілті», - деді Д.Ахметов.
Чемпионатқа 9 елдің әлемдік дәрежедегі 9 спорт шеберлері қатысуда. Ал, сайыста халықаралық дәрежедегі төреші Юрий Черванев жетекшілік етеді.
Жарысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт ісі жөніндегі комитеті, ҚР Бильярд спортының федерациясы және ШҚО әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
Чемпионат олимпиадалық жүйе бойынша өтіп, 26 шілдеде финалдық ойында жеңімпаз анықталады.
Сайыстың жеңімпазына 1 674 000 теңге көлемінде жүлде қоры тағайындалған. Екінші және үшінші орын иеленгендер сәйкесінше 930 мың және 558 мың теңгеге ие болмақ.