4-кезең. Сан-Хуан - Чилекито
Төртінші кезеңнің жалпы ұзындығы 868 шақырым. Олардың 657 шақырымы жүргізушілері үшін оңайға түспегені анық.
Жол талғамайтын көліктердің ішінен бұл кезеңде испандық Карлос Сайнс (SMG) суырылып алға шықты. Ол көрсеткен нәтиже – 5 сағат, 20 минут және 32 секунд. Екінші орында Франция спортшысы Стефан Петерансель («MINI»). Оның командаласы Насер Аль-Аттия үштікті қорытындылады.
Қазақстандық-ресейлік экипаж Айдын Рақымбаев пен Владимир Демьяненко жұбы жақсы нәтиже көрсетті. Олар кезеңді оныншы болып аяқтады. Олардың уақыты – 5 сағат, 54 минут және 40 секунд. Ал Денис Березовский мен Игнат Фальков 50-ші орынан көрінді.
Жалпы есепте жол талғамайтын көліктер ішінен испандық Сайнс алда тұр. Екінші орында оның отандасы Нани Рома (+2:06). Үшінші орында – Аль-Аттия (+6:56). Рақымбаев экипажы 6 сатыға жоғарылап, 15-ші орынға жайғасты.
Жүк көліктері жарысында голландтық Жерер де Рой («Iveco») жеңіске жетті. Жеңімпаздың уақыты – 6 сағат, 6 минут және 40 секунд. Екінші және үшін орын ресейлік спортшылар Андрей Каргинов пен Эдуард Николаевқа бұйырды. Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек мәреге 40-шы орында жетті.
Голландық спортшы Рой бұл жеңістен кейін, жалпы есептегі орнын сақтап қалды. Қазақстандық экпаж турнир кестесінде 32-ші орында.