Астанада БАҚ пен спорт әлемінің байланысына қатысты мәселелер сөз болды
Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде спорт саласындағы БАҚ қызметінің ерекшелігі және олардың спорт федерацияларымен, спорт клубтарымен және ұйымдарымен өзара әрекеттесуі тақырыбындағы семинар өтті.
Cеминарды Қазақстанның спорт баспасөзі ассоциациясы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «KAZsport» телеарнасы ұйымдастырды.
Семинарға 100-ден астам түрлі сала өкілдері, атап айтқанда: республикалық және аймақтық БАҚ спорт журналистері, режиссерлері мен операторлары, спорт қауымдастықтары мен федерация өкілдері, медиа басшылары, сондай-ақ Ресей мен Украинадан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Семинарды «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Данияр Нұрғазин ашты.
Семинардың алғашқы күні спорт жарыстарын ақпараттандырудың технологияларына және түрлі спорт объектілерінде медиа инфрақұрылымды ұйымдастыруға арналды.
«KAZsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин спорт телеарнасының шеңберіндегі техника мен шығармашылықтың бірлескен мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Спорт іс-шараларын трансляциялау кезінде техниканы пайдаланудағы коммерциялық мүмкіндіктер туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ коммерциялық директоры Шолпан Бейсенбаева баяндап берді.
Семинарда сөз сөйлеген әрбір спикер өз тақырыбының маңыздылығын ашып, тыңдармандарға жеткізуге тырысты.
Семинардың екінші күні «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанованың алғы сөзімен басталды. Басқарма басшысы іс-шараның қатысушыларына алғыс айтып, осындай шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталды.
Бұл күні семинарға қатысушылар түрлі БАҚ-тағы спорт іс-шараларының ерекшелігімен танысты.
Қызу талқыдан соң семинарға қатысушылар «Астана-Арена» стадионындағы «Астана» - «Ертіс» Қазақстандық премьер-лигасы матчының тікелей эфирдегі трансляциясы кезінде «KAZsport» телеарнасының техникалық мүмкіндіктерімен таныса алды.
Семинарға қатысушылар БАҚ-пен бірлесе отырып, отандық спортты дамыту перспективалары туралы өз ойларын ортаға салды.
Үш күндік семинардың қорытындысы бойынша қатысушылар БАҚ-пен өзара әрекеттесу қоғамдық өмірде дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік маңызын ашуға көмек көрсете отырып, олардың сенімді «серіктестері» болып қалатынын бір ауыздан мақұлдап, өзара тиімді ынтымақтастықтың ары қарай жалғасатынына сенім білдірді.