Шымкентте көркем гимнастика спорт кешені ашылды
Салтанатты іс-шараға өңір басшысы Б.Атамқұлов қатысты, деп жазады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы көркем гимнастика шеберлерін дайындайтын заманауи спорт нысанында жаттығатын спортшылар мен облыс тұрғындарын құттықтап, алдағы уақытта облыстың әр ауданынан осындай спорт кешендері салынады, деп уәде берді.
Елімізде теңдесі жоқ спорт кешенін «КДСМ» мекемесі салған. Әкімшілік-іскерлік орталығының маңынан бой көтерген нысан 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 700-ден астам көрерменге арналған трибуна бар.
Сонымен қатар, 6 жаттығу залы, хореография залы мен венткамера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі бар.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында көркем гимнастика бойынша облыстық бір, Шымкент қалалық және Кентау қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда барлығы 23 жаттықтырушы 345 балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.