Ұлттық Универсиада ойындарының бюджеті 50 млн теңгені құрады - Т.Балықбаев
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.
«Республикалық бюджеттен бұл жарысқа ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Біздің өз бюджетімізде студенттер мен мектеп оқушылары арасында спорт жарыстарын ұйымдастыруға арналған қаражат бар. Сол қаражаттан спорт нысандарын жалға алуға, жарыстарды ұйымдастыру, көркемдеу, безендіру жұмыстарына деп бар болғаны 50 млн теңге шамасында ақша бөлінді. Мысалы, бір ғана «Медеу» спорт кешенінің бір күндік жалдық төлемі - 4 млн теңге. Басқа спорт кешендерінде де баға осы шамалас. Сондықтан, аталмыш спорт нысандары басшыларының бізге қолдау көрсеткеніне ризашылығымызды білдіреміз», - деді Т. Балықбаев.
Сонымен қатар, Тахир Оспанұлы сәйкесінше, жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры белгіленбегенін жеткізді.
«Арнайы жүлде қоры жоқ. Бірақ, жеңімпаздарға медальдар мен грамоталар береміз. Алайда, жеңімпаздарды өз жоғары оқу орындарының ректорлары «ақшалай сыйақымен марапаттаймыз» деп жатса, біз бұған қарсы емеспіз. Біз бұл жарыстарға қазір 103 алтын, 103 күміс және 103 қола медальдарды дайындап отырмыз. Соларды жеңімпаздарға ұсынамыз», - деді Т. Балықбаев.
www.inform.kz