Қазақстандық таеквондошылар «Turkish Open-2016» турнирінде 3 алтын медаль иеленді
Түркияда өткен «Turkish Open-2016» халықаралық турнирінің 3-ші күні қазақстандық таеквондошылары үшін сәтті аяқталды. Еліміздің жас спортшылары кадеттер арасында 3 алтын медаль жеңіп алды.
Кадеттердің бас бапкері Мырзағали Сұрановтың басшылығымен Дулат Сихымов, Әлима Қайдарова мен Фарида Байбатырова үздік нәтиже көрсетті.
65 келі салмақта Дулат Сихымов жартылай финалда украиналық Юрий Тонкопийден басым түсіп, финалда германиялық таеквондошы Абдулах Чифтчиді жеңді.
Әлима Қайдарова (33 келі) финалға дейінгі 4 кезеңде Түркия мен Иран таеквондошыларымен сынға түсті. Ал, финалдық кездесуде германиялық спортшысы Джессика Дикті ұтты.
47 келі салмақата бақ сынаған Фарида Байбатырова финалда түркиялық спортшы Гездэ Сахинбазданы жеңіп, Қазақстан үшін халықаралық жарыстың 4-ші алтын жүлдесін әкелді.
Жалпы қазақстандық спортшылар үшін «Turkish Open-2016» халықаралық турнирі сәтті аяқталды. Спортшыларымыз әр жас категориясында табысты нәтиже көрсетті. Қорытынды:
Ересектер: Күміс (Айнұр Есбергенова), Қола (Алмас Мұқамыров, Ержан Абылқас).
Жасөспірімдер: Алтын (Ескендір Әбілқайыр), Күміс (Рабиль Сағитжанов).
Кадеттер: Алтын (Дулат Сихымов, Алима Қайдарова, Фарида Байбатырова).