Жасөспірімдер арасында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымыз елге оралды
Оларды ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен журналистер және спортшылардың туыс-туғандары күтіп алды.
Норвегияның Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өткен II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрінен 15 пен 18 жас аралығындағы 18 спортшымыз қатысқан.
Олимпиада ойындарында дүние жүзінің 70 мемлекетінен келген 1100 спортшы 16 спорт түрінен 70 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Қысқы Олимпиада ойындарынан жерлестеріміз төрт медальға қол жеткізді. Биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбава қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені, шорт-тректен аралас командалық жарыс бойынша 6-топта сынға түскен отандасымыз Анита Нагай болгар қызы Катрин Манойлова, латыш спортшысы Карлис Крусбергс және жапониялық Казуки Йошинагамен бірге өнер көрсетіп, Олимпиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді.
Еске алатын болсақ, Инсбрук қаласында (Австрия) 2012 жылда өткен I қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз жарыстың 10 түрінен қатысып, үш медальға қол жеткізіген еді.