Денис Тен Әлем чемпионатында қысқа бағдарламадан кейін 12-ші орында келеді
Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Бостонда (АҚШ) өтіп жатқан Әлем чемпионатында қысқа бағдарламадан кейін 12-ші орынға тұрақтады.
Мұз айдынында бірнеше рет құлаған Д.Тен 78,55 ұпай жинады. Бұған дейін қазақстандық спортшы жарақат алып, бабына келе алмай жүргенін айтқан еді.
Ал, жарыстың қысқа бағдарламасынан кейін 1-ші орында жапониялық 110,56 ұпай жинаған Юдзуру Ханю келеді. Одан кейін испаниялық Хавьер Фернандес (98,52) және канадалық Патрик Чан (94,84) орналасқан.
Ерлер арасында еркін бағдарлама 2 сәуір күні Астана уақытымен сағат 04:35-те өтеді.
Сонымен қатар, Әлем чемпионатында жас қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева да бақ сынайды. Қыздар арасында қысқа бағдарлама бүгін сағат 22:00-де басталады. Ал, еркін бағдарлама 3 сәуір күні Астана уақытымен сағат 04:50-де басталады.
Еске сала кетейік, «Kazsport» АҚШ-та өтіп жатқан Әлем чемпионатын толық көлемде әрі тікелей эфирде көрсетіп жатыр.