Қызылордада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды
Бүгін Қызылордада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде әйелдер 48, 52, 57 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде, ерлер 60 және 66 килограмм салмақ дәрежелерінде белдесті.
60 килограммда қызылордалық Бауыржан Жауынтаев қарағандылық Шаратов Абылайханнан басым түсіп, ел чемпионы атанды. Қола медаль Ақтөбе облысынан келген Рустам Ибраев пен Алматылық Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі болды.
Ерлерден 66 келіге дейінгі салмақ дәржесінде сынға түскен Оңтүстік Қазақстан облысының өкіліҚалтаев Мейіржан қарсылас шыдатпай, Қазақстан чемпионы атанды. Күміс медалді Қырғызбаев Ғұмар (Алматы облысы) иеленсе, қола медалді Алматы облысынан келген Мауленин Әбілхайыржәне Есімбетов Ғабит (ОҚО) өзара бөлісті.
Рио Олимпиадасының қола медаль иегері Галбадрах Отгонцэцэг (Оңтүстік Қазақстан облысы) 48 килограмм салмақта мықтылығын дәлелдеді. Қызылордалық Салтанат Сұлтанбекова аталмыш салмақта күміс медальға ие болды. Абужақынова Абиба (Алматы облысы) мен Әйгерім Төреғожин(Қарағанды) ел чемпионатының қола медаль иегерлері атанды.
Әйелдерден 52 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде Қарасайқызы Кәмшат (Маңғыстау облысы) Қазақстан чемпионы атанса, финалдағы қарсыласы Гүлдана Әлмұханбетова (Батыс Қазақстан облысы) күмісті місе тұтты. Сүлеймен Айнұр (Жамбыл облысы) мен Түйтекова Айкүнім (Алматы облысы) үшінші орынға жайғасты.
Оңтүстік Қазақстан облысының дзюдошысы Нышанбаева Севера 57 килограмм салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы болды. Атыраулық Назгүл Құбашева екінші орыннан көрінсе, 57 килограммда қола жүлдені Маңғыстаулық Анна Казюлина мен Қарағандылық Старченко Анна жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетсек, 16 қараша күні Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Чемпионат 19 қарашаға дейін жалғасады.