«Kazsport» телеарнасы комментаторларға семинар-тренинг өткізді (ФОТО)
Еліміздің бірінші мемлекеттік спорттық арнасы «Kazsport» «Көшпелі трансляция кезіндегі комментатордың жұмысы» тақырыбындағы кезекті семинар-тренингін өткізді.
Семинарды ТЭФИ-2016 жүлдесінің «Үздік спорттық комментатор» аталымы бойынша иегері, «Eurosport», «Россия» телеарналарының комментаторы Владимир Стогниенко өткізді. Ол қазіргі уақытта «Россия-24» ақпараттық арнасының спорт бөлімінің жетекшісі.
Стогниенко 2006, 2010, 2014 жылғы Әлем чемпионаттарына, 2008, 2012, 2016 жылғы Европа чемпионатына комментаторлық еткен. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасы, Еуропа Лигасы, УЕФА Кубогы, Ресей, Франция, Англия, Италия, Голландия чемпионатарын, 2015 жылғы Америка Кубогын (Сopa America), олимпиадалық футбол турниры Либертадорес Кубогын жүргізген. 2009 жылғы «Алтын микрофон» иегері.
«Комментаторлардың жұмысы өте қиын және ол үнемі жетілдіріліп отыруды қажет етеді. «Қазақстан» РТРК»АҚ бұған әрдайым көңіл бөліп келеді», - деді шараны ашқан Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
Семинарда ірі жарыстардағы репортаж құрылымының қағидалары, комментатор жұмысының негізі: ойыншының аты-жөнін дұрыс жеткізу, кәсіби терминдердің қолданылуы және көңіл-күйді басқару туралы мәліметтер айтылды.
Оқыту нәтижесінде «Kazsport» телеарнасының 18 комментаторына сертификаттар табысталды. Олардың қатарында Асхат Сағынаев, Индира Бектенова, Телжан Күдеров, Ермек Төрениязов және жуырда Астанада өткен кастинг арқылы қабылданған комментаторлар бар.
Владимир Стогниенко шарадан кейін арна комментаторларының әрқайсысы қазақстандық жанкүйерлерді өздерінің кәсібиліктерімен қуанта алатынын, оған қабілеттерінің жеткілікті екенін айтты.