Елдос Сметов Гран-При кезеңіне қатысады (ВИДЕО)
Таяу күндері Германияның Дюссельдорф қаласында дзюдодан Әлемдік Гран-при кезеңі басталады. Үш күн бойына яғни 24-26 ақпан аралығында «Мицубиши электрик Халле» татамиінде 14 салмақ бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ.
Биылғы турнирге әлемнің ең мықты дзюдошылары қатысады. Сол себепті Қазақстан құрамасының сапында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің өнер көрсетуі заңдылық.
Айтқандай, бұл Елдостың жазғы Олимпиада ойындарынан кейін қатысқалы тұрған алғашқы халықаралық турнирі. Неміс жерінде Қазақстан намысын барлығы 17 дзюдошы қорғайды. Оның 11-і ерлер, алтауы қыздар.
Сметовтен бөлек, бұйырса еліміз тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында Әлем чемионы атанған Бауыржан Жауынтаевтың да өнеріне тәнті боламыз. Сол секілді 2013-жылғы Әлем біріншілігінің жүлдегері Азамат Мұқан мен тағы да басқа дзюдошы жігіттеріміз бар. қыздар арасында да кіл мықтыларымыз сұрыпталып алынған.
Татами төрінде Мариан Ордабаева, Ділбар Өмірәлиева, Гүлжан Исанова секілді қыздарымызды көретін боламыз.
Қазақстандық дзюдошылардың боз кілемдегі тартысты белдесулерін спорт сүйер қауым «Kazsport» арнасының эфирінен көре алады.
Алғашқы жарыс күнінің көрсетілімдерін еліміздің тұңғыш спорттық арнасынан 24-ақпан күні Астана уақытымен 22.00-де көруге болады.