Қазақстан құрамасы Азия Чемпионатында 7 медаль алды
Гонконгта өтіп жатқан Азия Чемпионатының жекелей сындары аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасынан құрлықтық біріншілікке 18 дзюдошы қатысып, 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен Чемпионатты 4-орынмен аяқтады.
100 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Максим Раков ел намысын абыроймен қорғады. Ол финалға дейін қарсылас шыдатпай, финалда кореялық Ким Хуеншеолды вазари ұпайымен ұтып, Азия чемпионы атанды.
Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) финалға дейін жетіп, финалда Моңғолия құрамасының спортшысы Мунхбат Уранцэцэцгке голден скорде жол берсе, финалға дейін жеткен тағы бір дзюдошымыз Елдос Жұмақанов (66 кг) шешуші белдесуде әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері кореялық Ан Баулға есе жіберіп, екеі де күмісті қанағат тұтты. Жарыстың екінші күнінде ел қоржынына тағы бір күміс медаль қосылды. 90 келіде татамиге шыққан Ислам Бозбаев финалда тәжікстандық Комроншох Устопириенмен белдесуінде ескерту қағазының (шидо) көптігінен жеңіліп, Азия Чемпионатының күміс медаліне ие болды.
73 келіде белдескен Жансай Смағұлов шешуші жұбаныш белдесуінде Иран балуаны Мохаммади Баримонлоу Мохаммадты иппон ұпайымен жеңіп, Азия Чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстан қыздар құрамасынан Зере Бектақызы (70 кг) және Гүлжан Исанова (+78 кг)жүлдегерлер қатарынан көрініп, Қазақсанға қос қола әкелді.
Сондай-ақ, қыздарымыздан Мариан Урдабаева (63 кг), Севара Нышанбаева (57 кг), Альбина Амангелдиева (-78 кг), ерлер құрамасынан аса ауыр салмақтағы Еламан Ерғалиев пен Ержан Шынкеевтер Азия Чемпионатын 5-орынмен аяқтады.