ҚР Волейбол федерациясы мен «Kazsport» телеарнасының қызметкерлері жолдастық кездесу өткізді
Өскемен қаласында әйелдер арасында клубтық командалардың волейболдан Азия чемпионаты кезіндегі демалыс күні ҚР Волейбол федерациясы мен «Kazsport» телеарнасы командалары арасында жолдастық кездесу өтті.
ҚРВФ командасы үшін қазақстандық төрешілер мен ШҚО спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов өнер көрсетті. Ал ҚРВФ ішкі жарыстарын өткізу жөніндегі департамент жетекшісі Ирина Кабулбекова команда капитаны болды.
Телеарна командасы құрамына Азия чемпионатында жұмыс істеп жатқан түсірілім тобының мүшелері кірді. Ал, капитан ретінде телеарна директоры Павел Цыбулин ойыншыларды алаңға шығарды. Бұдан бөлек, «Kazsport» құрамы ВК «Алтай» бапкерлерімен күшейді. Солардың ішінде жастар командасының бапкері Денис Матвеев те болды.
Кездесу тартысты да қызықты әрі әр сәтті әрекет үшін ду қол шапалақ ұрылып, ойыншылар арасында айтылған әзіл-қалжыңдармен өтті.
Телеарна қызметкерлері кездесуді сенімді бастай алмады: команда ойыншыларының бір-бірімен ойнамағаны бірден көзге түсті. Сондықтан болар, алғашқы сет ҚРВФ еншісінде кетті. Екінші партияда «Kazsport» есе қайтарса, үшінші сетте 7 ұпайлық есеп айырмасымен алда келе жатқанына қарамастан тағы ұтылып қалды. Федерация ойыншылары керемет камбэк ұйымдастырып, 27:25 есебімен жеңіске жетті. Төртінші сет «Kazsport» пайдасына шешілді. Осылайша кездесу жеңімпазы шешуші бесінші сетте анықталды. Телеарна қызметкерлері шешуші партияда барын салып, жеңіске жетті. Кездесудің қорытынды есебі - 3:2 (22:25, 25:23, 25:27, 25:19, 15:7) «Kazsport» телеарнасының пайдасына. Енді Волейбол федерациясының командасы тек матч-реваншты күтпек.
Айта кетейік, «Kazsport» телеарнасы - әйелдер арасындағы клубтық командалардың Азия чемпионатының бас телехабар таратушысы Телеарна жарыстың барлық кездесулерін тікелей эфирде көрсетеді.